Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.